Жалағаштықтар өз таңдауын жасауда
Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасаған тұрғындардың қатарында 89 жастағы тыл ардагері Ақберген Баймаханұлы да бар. Көпті көрген қария ел болашағына бейжай қарамай, өңірдің өркендеуі мен тұрақтылығы үшін дауыс берді. Жалағаш ауданындағы сайлау барысы туралы тілшіміз баяндайды.
Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №128 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-де есігін айқара ашты. Учаскеге алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасағандардың қатарында еңбек ардагері Ақберген Баймаханұлы да бар.Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген қария саналы ғұмырын туған өлкенің дамуына арнаған. Еңбек жолын Жалағаш совхозында мал дәрігері болып бастаған ол кейін білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында табанды еңбек етті. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ақсақал қоғамдық өмірден қол үзбеген. Бағбандықпен айналысып, туған жердің көгалдануы мен көркеюіне сүбелі үлес қосып келеді. Ел болашағына бейжай қарамайтын қазыналы қария саяси доданы да назардан тыс қалдырмады.
148 ЖАС АЛҒАШ РЕТ ДАУЫС БЕРЕДІ
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
"Бүгінгі саяси науқанда жастар да сергектік танытып,, өз таңдауын жасап жатыр. Аудан бойынша бүгін 148 тұрғын алғаш рет дауыс береді. Сондай-ақ, Жалағашта еріктілер қарттар мен мүгедектігі бар жандардың сайлау учаскелеріне келуі үшін көмек көрсетуді өз міндетіне алыпты."
Өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ардагерлердің бірі – Қожатай Құлмахан да өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскесіне келді. Ел мерейі үстем болып, мемлекетіміз қарқынды дамысын десек, мұндай маңызды саяси науқаннан әрбір азамат қалыс қалмауы тиіс дейді ол.
Биыл еліміздің егемендік алып, Тәуелсіздік туын тіккеніне – 35 жыл. Осы кезең аралығында Жалағаш ауданы да барлық сала бойынша серпінді дамып келеді. Түйткілді инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті арта түсті. Бір кездері «күріш фабрикасы» атанған берекелі өлкенің бүгінгі аграрлық көрсеткіштері де көңіл қуантады. Мәселен, биылғы күзгі жиын-терім науқаны қорытындыланған «Алтын күз-2026» шарасында Жалағаш ауданы «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясын иеленді.
Жалағаш ауданындағы бірқатар сайлау учаскелерінде дауыс берушілерге арналып түрлі спорттық ойындар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылуда.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
"Айта кетейік, бүгінде Жалағаш ауданында 35 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде 20 мың 358 азамат дауыс беру құқығына ие. Сайлаушылардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауы үшін аудан бойынша 23 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр."