Байқоңырда ғарыш тарихының бірегей мұражайы бар. Бастапқыда мұражайдың бүкіл экспозициясы офицер-құрылысшыларға арналған гарнизондық үйдің аядай ғана бір бөлмесіне сыйған. Бүгінде мұражай ауқымы кең, экспозиция тақырыптары сан түрлі.

Галактикаға бір елі жақындауға тамаша мүмкіндік. Бұл музейге келушілер ғарыш алаңының құрылу тарихы, қазіргі өмірі мен кейінгі дамудың болашағы жайында біле алады. Ғарышқа жол салған адамдар, ғалымдар мен құрылысшылар, сонымен қатар тарихтың көлеңкесінде қалғандар, мыңдаған инженерлер, жұмысшылар мен қызметкерлер, зымыран-ғарыштық техника сынаушылары, әскери құрылысшылары жайында біле алады.

ІЛИЯС БЕЙСЕНОВ – БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ ТАРИХИ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

 «Бірінші залдағы экспонтаттар тарихы 1955 жылы ғарыш айлағы қаланғаннан сәттен басталады. Көрме жылына 3-4 рет жаңарып тұрады.

1968 жылы әскери құрылысшыларға арналған кабинет болып ашылған бұл нысанда бүгінде 1 үлкен 4 кіші зал бар. Қазір музей сөрелерінде 8000 экспонат тұр. Ал жалпы қорында 18 мың жәдігер сақтаулы. Мәселен, түрлі зымыран макеттері, әлемдегі алғашқы ғарыш айлағының сызбасы, ғарышкерлердің хаттары мен ғылыми кітаптар бар. Тіпті ғарышқа алғаш ұшқан жанауарларды да осы мұражайдан тамашалауға болады.

Ғарыш айлағының тарихи музейіне келушілер саны әсіресе ұшырылымдар кезінде көбейеді. Сондықтан мұнда гид қызметі үш тілде көрсетіледі.