Негізгі Жаңалықтар Жаңа маусым жаңалығы: «Ку-Ку» трагикомедиясы сахналанды

Жаңа маусым жаңалығы: «Ку-Ку» трагикомедиясы сахналанды

#qyzylordatv 

Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының өнер ұжымы жаңа маусымның шымылдығын түрді. Сахна шеберлері 72-ші маусымда өнерсүйер қауымға бірнеше тың туынды ұсынбақ. Соның алғашқысы басталып та кетті. Талантты режиссер Жәнібек Маханбетиярдың «Ку-Ку» трагикомедиясын жұртшылық жылы қабылдады. Жаңа маусым жаңалықтары мен премьерадағы үзік сырды әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.


 Сыр театрының тарихы тереңде. Жетпіс бірінші маусымда өнер ұжымы балаларға арналған қойылымдарға басымдық берді. Ал бұл жолы әлемдік классиктердің шығармалары көбірек көрерменге жол тартпақ. Осыған дейін театр тарландары 10-нан астам халықаралық фестивалде өнер көрсеткен еді. Биыл да бірнеше бәйгенің дүбірі естіліп тұр. 


Осыған дейін театр репертуарында бар, әбден піспектелген қойылыммен маусым шымылдығы түрілетін. Ал бұл жолы бірден – премьера! Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі Кен Кизидің «Көкектің ұясы» романы Сыр сахнасында жаңаша мазмұнға ие болды. Шырақты шығарманы белгілі драматург Әлімбек Оразбеков аударған. Ал мөп-мөлдір туындыны талантты режиссер Жәнібек Маханбетияр тіпті құлпыртып жіберіпті. 


 «Ку-Ку» бұл психологиялық драма. Қойылымда жүйке ауруына шалдыққан науқастардың күнделікті тіршілігі арқылы-ақ, еркіндік пен қоғамдық тартысты тап басып бейнелейді. Олар онсыз да тағдырдан таяқ жеген жандар. Ал емдеуге тиіс мамандардың аяусыз қарекетін көріп, бұл өзі аурухана ма, әлде, абақты ма екен, деген беймаза ойға шомасың.


 Мәдениет саласының үздігі Сырым Әбдіразақов сомдаған Макмерфи бейнесі қасаң қағидаларды қиратуға келген мұзжарғыш кемедей. Бірақ оған қолдан ауру жасаған «сау тұлғалар» оңай көне қойсын ба?! Оларға науқастардың жүйке дертінен айықпағаны қажет. Спектакль бастан-аяқ осындай тұлғалық тартыстан құрылған. Бір сөзбен, көрерменді күлдіре отырып, бір сәтте кейіпкерлердей мазасыз күйге түсіреді. 


  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова 43 жылдан бері Сыр театрында еңбек етіп келеді. Озық өнер иесі бүгінге дейін сан-салалы оброзды сомдады. Дегенмен бұл жолы қатыгез Мисс Рэтчердтің бейнесін ашу жүрегіме жүк салды, дейді. 


 «Театр» деген осы. Кейде жаныңа қас бейнені жаныңмен сомдауың қажет. Бұл қойылымда сахна шеберлері әр науқастың жан күйзелісін ерекше ашып көрсетті. Бұл кәсіби шеберлік пен тыңғылықты дайындықтың жемісі. Айта кетейік, «Ку-Ку» трагикомедиясы 16-шы қыркүйек күні көрерменге қайта ұсынылмақ. Терең түйсікке құрылып, өмірді көрсеткен қойылымнан қапы қалмаңыз!    


Бөлісу