Шабақ құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр
#qyzylordatv
Аймақ диқандары күзде егін жинау науқанына кіріссе, табиғат қорғаушылар таяз суда қалып қойған шабақты жинап, су айдындарына жіберуде. Биылғы меже 7 миллион 300 мың дана балықты құтқарып, тіршілік иелеріне екінші өмір сыйлау. Тақырыпты Жаңақорған ауданына барып, «құтқару операциясына» қатысып келген тілшіміз Әкімжан Жолтаев сабақтайды.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ
Сыр өңірінде орақ науқаны басталысымен егіс алқаптары мен арықтарда, қашыртқыларда су тартылып, балықтардың өміріне қауіп төнеді. Сондықтан табиғат қорғаушылар тамыз айынан бастап шалшықтағы шабақтарды құтқару жұмыстарын жүргізуде. Бүгін бізде аяққа резеңке етікті киіп, белді бекем буып су маржандарына екінші өмір сыйлауға кірістік. Яғни, шүпірлеген шабақтарды теріп, өзен, көлдерге жіберетін боламыз
Шабақ құтқару жұмыстары Түгіскен ауылындағы егіс алқабында ұйымдастырылды. Табиғат қорғаушылар алдымен қашыртқыдағы суды азайтып, шүпірлеген шабақты теріп алды. Шалшық судағы майда балықты дер кезінде құтқармаса, қырылып қалу қаупі бар. Сондықтан бұл жұмысқа жауапты мамандармен қатар табиғат пайдаланушылар да жұмылдырылды.
ҒАЛЫМЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ, ЖАҢАҚОРҒАН ОРМАН ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ МЕКЕМЕНІҢ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША МАМАНЫ
Жаңақорған ауданында 7 жүз мың шабақ құтқару жоспарланған. Бүгінге дейін 730 мың шабақ құтқарылды. Құтқарылған шабақтар жақын маңдағы өзен, көлдерге жіберілуде. Балық шабақтары мерзімінде құтқарылмаса балық сасып, иіс шығып ауа райын ластайды
Биыл облыс бойынша 7 млн 300 мың балық шабағын құтқару жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 2 млн 600 мыңға жуық су маржаны сүзіліп, өзен, көлдерге жіберілді. Тіршілік иелерін құтқару жұмыстары балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының тікелей бақылауында.
РУСЛАН СЕЙІТМҰРАТОВ, «АРАЛ-СЫРДАРИЯ» ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Құтқарылған балықтардың барлығы арнайы ветлабораториядан тексеріліп, ауруын жоқтығын анықтап, көлдерге жіберетін боламыз...
Өңірде осылайша шабақты құтқару арқылы су айдындарындағы балық қорын молайту жұмыстары қолға алынуда. Айта кетейік, бұл жұмыстар қараша айына дейін жалғасады.