Негізгі Жаңалықтар Садақшылар сайысы

Садақшылар сайысы

#qyzylordatv 

Қызылордада жасөспірімдер арасында садақ атудан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бәсі жоғары бұл бәсекемен қатар, мүгедектігі бар азаматтар да ел кубогын сарапқа салуда. Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтерген заманауи стадиондағы дүбірлі дода барысын әріптесім Елжас Әбділда әңгімелейді.


Қорамсаққа қол салып, нысана көздеген мергендер сайысы дүбірмен басталды. Әр аймақтың үздік құрамы арнайы шеру арқылы жүріп өтіп, жетістіктері айтылды. Ұлттық спорт дегенде делебесі қозбайтын қауым аз. Сыр жанкүйерлері болашақ чемпиондарға ерекше құрмет көрсетті. 


 Ел біріншілігінің ашылу салтанатына орай өңір өнерпаздарымен қатар, эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, Сыр төрін дүбірге бөледі. Бұл сәт жарысқа қатысушы садақшылармен қатар, аймақ бүлдіршіндеріне айрықша базарлық болды.


 Сонымен, көптен күткен садақшылар сайысы басталды. Бұл дода Қызылордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан дайындық мығым. Мергендердің бағына орай күн райы да қарасып тұр.  


 ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ 

Жалпы, садақ ату спорты екі түрге бөлінеді. Яғни, дәстүрлі және олимпиадалық бағытта. Сыр төріндегі садақшылар сайысы осы төрт жылдықтың басты бесекесіне резерв дайындау үшін ұйымдастырылып отыр. Білек күші мен жүрек күші қатар сыналатын бұл бәсекеде құралайды көзге ату басты міндет!


Жетісулық Райымбек Майқыбаев садақ ату спортымен 5 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінге дейін жасөспірімдер арасында бірнеше республикалық додада топ жарыпты. Ендігі міндет халықаралық аренада ел мерейін үстем ету. Сырдағы сайыс соның бастауы болмақ. Себебі мұнда аға буынның ізін басатын талантты жастар іріктелмек.


РАЙЫМБЕК МАЙҚЫБАЕВ – ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА САДАҚ АТУДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ 

Бұл нағыз еркектер спорты. Жүрек күшімен садақ тартып, жебені жіберіп, дәл тигіземіз. Өте жақсы спорт. Бұл спортқа мені ағам әкелген. Негізгі мақсатым, олимпиада чемпионы болу. Және де әлемдік аренада топ бестікке кіру мақсатын қойып отырмын. Сайыс өте жақсы ұйымдастырылған, стадион үлкен. Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Тыңғылықты дайындықпен келгенбіз, ауа-райы да жақсы, жоғары нәтижемізді көрсетіп жатырмыз


 Садақшылар сайысы 4 санат бойынша өтіп жатыр. Яғни, қатысушылар жас ерекшелігіне қарай 40 метрден, 70 метрге дейін нысана көздейді. Айта кетерлігі, елімізде бұл спорттың ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп, бұқаралық сипат ала бастады. Биылдың өзінде 8 өңірде су жаңа федерацияның құрылуы осының дәлелі. 


ЕДІЛ ТЕМІРБЕКОВ – ҚР ҰЛТТЫҚ САДАҚ АТУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ /Алдағы олимпиадада алтын алуға ниеттеніп отырмыз. Өйткені, біздің тарихымызда мұндай болмаған. 2025 жылы 32 жылдан кейін әлем чемпионатында қола медальға ие болдық. Сондай-ақ, осы жылы да қол жеткізген жетістіктеріміз бар. Қазіргі таңда, Жетісу облысы, Шымкент қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Биыл 8 өңірде федерация ашылып, жұмыс жасап жатырмыз...


Атшаптырым алаңда жігерлі жастармен қатар мүгедектігі бар азаматтар да сайысқа түсуде. Пара садақ атудан ел кубогын сарапқа салуға әр аймақтан 20-дан астам спортшы келген.  


БЕРДІХАН ТЫРНАХАН – ПАРА САДАҚ АТУДАН СПОРТ ШЕБЕРІ Бұл спортқа келгеніме 2 жыл болды. Осы уақыт ішінде спорт шеберлігін орындадым. Алдағы уақытта көптеген сайыстарда жақсы жетістіктерге жетеміз деген ойдамыз. Депрессия дегенді ұмытады ғой. Өйткені, әр бала спортпен айналысса, ешқандай депрессия да болмайды, басқа жаман жолға да түсіп кетпейді. Тек қана спорпен айналысып, адамның денсаулығы мықты болады


 Жалпы, Сыр өңіріндегі сайыста 200-ден астам спортшы бақ сынауда. Садақшылардың салмақты сайысы 19-шы қыркүйекке дейін жалғаспақ. 

Бөлісу