Қос диплом: Білім саласында бірлескен жоба басталмақ
#qyzylordatv
Қызылорда мен Қытайдың Чунцин қаласы арасында кәсіби оқыту саласындағы ынтымақтастық кеңейе түсті. Биыл мамыр айында облыстық білім басқармасының делегациясы Чунцин су ресурстары және электр энергетикасы кәсіби колледжімен ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізген болатын. Нәтижесінде бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын талқылау үшін қытайлық оқу орнының өкілдері Қызылордаға арнайы келді.
Қытайдан келген делегация Сыр өңірінде екі күн болады. Тараптар мамандарды даярлау және студенттерді бірлесіп оқытуды ұйымдастыру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауды жоспарлап отыр. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – қос дипломды білім беру бағдарламасы. Колледж өкілдері оқу мерзімін, тәжірибелік оқытуды ұйымдастыруды және оқу процесінің өзге де тұстарын тиімді басқару жайын сөз етті. Болашақ мамандарды тәжірибелік тұрғыдан даярлауға ерекше назар аударылуда. Қытайлық тарап аймақтағы кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуға да қызығушылық танытып отыр. Әлеуетті серіктес ретінде Қызылордада жұмыс істеп жатқан «Huadian» компаниясы қарастырылуда. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.