Алпамыс Болатұлы 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Қатарластары арасында грек-рим күресінен жүлделі болған аймақтағы алғашқы спортшы туған топырағында жаттығып жатыр. Құмды өлкедегі қайсар спортшының дайындығын әріптесім Мақсат Кәрібай көзбен көріп, таспалап қайтқан болатын. Бейнесюжетке зер салайық.

Сыр спортында олжа салған Алпамыс аядай ғана залдан шыққан. Мұндағылар енді оны қатардағы палуан емес, жаһандық жарыстың жүлдегері ретінде таниды. Биыл бірнеше турнирге қатысып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған өрен қазір физикалық дайындығына ден қойған.

Жас спортшы грек-рим күресімен 10 жасынан бастап айналысады. 2022 жылы Бахрейнде болған Азия біріншілігінің финалында қырғыз палуанын 8:0 етіп ойсырата жеңіп, сары құрлықтың алтынын қанжығалады. Кейін, өз салмағында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Бұл жеңістер жерлесімізге Әлем біріншілігіне жолдама сыйлады.

Осылайша, аралдық Аммандағы аламанға аттанды. Байрақты бәсекеде 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, іріктеу кезеңінде Жапония, Иран және Армения балуандарын ірі есеппен жеңді. Ал, финалда америкалық Джейден Скотт Рэйнимен күресіп, есе жіберді.

Алты құрлық аламанындағы алғашқы жорығында сәл ғана сәттілік жетіспеген жігерлі жас келесі жылы күмісті алтынға айырбастаймын деп отыр. Сондай-ақ, енді ол жастар арасында белдеседі.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы әлемді бағындырып, олимпиадада көк туымызды көкке көтерсем деп армандайды.