«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аймақтың барлық аудандарында жалғасын тауып жатыр. Науқан аясында қармақшылықтар «Қорқыт ата» мемориалды кешенінің айналасын тазартып, берекелі іске білек сыбана кірісті. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экомәдениетті арттыру.

Жапырағы жайқалған мына жас талды ауданның экобелсенділері тазалық акциясы басталған шақта келіп отырғызыпты. Қазір, міне, шыбықтар бой алып, айналасына көлеңке болар күйге жеткен. Ал, осы жолы санитарлық жұмысқа жиылған жұрт ағаштардың түбін ақтап, қураған шөптерді жиыстырды.

Жалпыұлттық экологиялық акцияға қармақшылық ардагерлер мен әйелдер кеңесінің мүшелері де қатысты. Олар жұмысшы топқа алаңдарды қоқыстан тазартуға көмектесті.

 «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында әр апта сайын бұл жерге құрал саймандарын алып, ондаған адам келеді екен. Сондай табиғат жанашырларына аудан әкімі арнайы алғыс хатын табыстап, сыйға бөледі.

Мұнан соң жиынға қатысушылар елдегі соңғы жаңалықтарды електен өткізді. Әсіресе, қоғамда қызу талқыға түскен АЭС салуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, 6-қазан күні өтетін референдумда белсенділік танытатындарын айтты