Атшабардағы делебе қоздырар дода құнан бәйгеден басталды. 11 шақырымға созылған додада жүлделі үш орынды да отандастарымыз олжалады. Мәре сызығын бірінші кескен «Қамысқұлақ» есімді тұлпардың тізгінінде Әмір Серік болған. Екінші болып «Айшуақ» атымен Аңсар Арыстанбек жетті. «Бақторыны» мінген тағы бір қазақ шабандозы Ділнұр Нұрмұқаш болса мәре сызығын үшінші болып кесті.
Ұшқыр бәйгеде де барлық жүлдені Қазақстан сәйгүліктері иеленді. 1600 метрлік жарыста әйгілі Қабірханның иесі Тілек Мұханбетқалиевтің «Шағала» атты тұлпары бәрін шаң қаптырды. Қазақстанның тағы бір жүйрігі «Арлан» екінші болып келсе, үздік үштікті «Струна» түйіндеді.
Ұшқыр бәйгеден 2400 метрлік аралықта шапқан 5 дөненнің арасында желтұяғы анықталды. Мәре сызығынан алғашқы болып «Берил Рэйсер» өтсе, екінші орынды «Адай» иеленді. Ал үздік үштікті «Роузлайн» түйіндеді.
Ал, 3200 метр қашықтықта 7 сәйгүлік сынға түсті. Бұл жолы да барлық жүлде қазақстандық жүйріктерге бұйырды. «Лайф’с Э Бриз» тең келер тұлпар табылмады. Оның ізінен екінші болып «Уэст Кост Найт» жетсе, «Аляска Тайгер» үшінші орынды қанағат тұтты.
Арғымақтардың күші сыналатын топ бәйгеде 19 жүйрік жарыс жолына шығып, 3 қана ат мәреге жетті. Бірінші болып мәре сызығын Сержан Бақтыбай шапқан «Холибой» кесті. Екінші орынға «Зымыран» атымен Мұратхан Арнат қол жеткізсе, үшін болып шабандоз Марден Жанболат «Кемеңгерімен» келді.
25 шақырымдық Аламан бәйгеде де Қазақстан тұлпары бірінші келді. «Айқабақ» жүйрікті тізгіндеген Аңсар Арыстанбектің мерейі үстем болды.
Екінші орынды тағы бір қазақстандық «Жұмыртұяққа» мінген Аманкелді Хамза жеңіп, «Аламан бәйге» бойынша қоржынға 1 алтын, 1 күміс түсті.