Франция төрінде паралимпиаданың 7-ші күні өтіп жатыр. Отандастарымыз Париждегі жорығын жалғастырады. Бүгін жарыс алаңына спорттың 5 түрі бойынша 10 қазақстандық шыққалы тұр.

Бірінші болып 50 метрге жүзуден квалификациялық сайыс болды. Іріктеу кезеңінде ұлттық құрама сапынан Зульфия Ғабидуллина өнер көрсетті. Бассейндегі бәсекені қазақстандық спортшы 10-орынмен аяқтап, жарыс жолынан шығып қалды.

Бүгін үш бірдей финалды тамашалаймыз. Әуелі, сағат 20-00-де 45 келі салмақ дәрежесінде әйелдер арасында парапауэрлифтингтің ақтық сыны өтеді. Онда қазақ елі үміт артып отырған Тұрсынай Қабыл алтынға қол созып көреді.

Әрі қарай, араға бір жарым сағат салып тағы бір шешуші тартыс болады. 54 келіде Давид Дегтярев парапауэрлифтингтен сайысқа түседі. Юрий Колесниковтің шәкіртіне үлкен сенім артылып отыр.

Соңғы финалда пара жеңіл атлетиканың ядро лақтыру дисциплинасы бойынша Дастан Мұқашбеков жарыс жолына шығады. Ол да Париж паралимпиадасының алтын жүлдесі үшін таласады.

Қазақстандықтардың жарыс күнін отырып ойнайтын волейболдан ел құрмасы қорытындылайды. Командамыз бразилиялықтарға қарсы ойнап, 5-орынды сарапқа салады.

Айта кетейік, Франциядағы аламанға Сыр елі 5 спортшысын қосты. Соның ішінде, парапауэрлифтингтен Стансилав Шакиев ертең 59 келіде сайысқа түседі. Одан кейін, 6-қыркүйекте жеңіл атлет Еламан Жоламан ядро лақтырады. Ал, қалған 3 сырбойылық отырып ойнайтын волейболдан Бразилияға қарсы құрамда шығады.