Мемлекет басшысы Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Жильбер Унгбоға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Халықаралық еңбек ұйымының арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан аса маңызды екенін айтты.

Президент Халықаралық еңбек ұйымының әлеуметтік әділдік қағидаттарын жаһандық ауқымда дамытудағы рөліне тоқталды.

– Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл тұжырымдама Сіздердің әлеуметтік әділдік бастамаларыңызбен үндес, – деді Президент. Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыру, заң үстемдігі мен адам құқығын қорғау бағытында Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді. Жильбер Унгбо Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстанды құру жолында жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Бұдан бөлек, Президентке Үкімет мүшелерімен нәтижелі кездесулер өткенін және Халықаралық еңбек ұйымының мақсат-міндеттерін ілгерілету мәселесінде Қазақстанның аймақта көшбасшы екенін атап өтті.