Мемлекет басшысы Жолдауда экономикалық дамудың 9 бағыты бойынша мақсат-міндеттерді айқындап берген болатын. Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен актив отырысында стратегиялық құжаттағы басым бағыттарды іске асыру жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарын бекіту керектігі айтылды.

Жолдауда басымдық берілген бағыттың бірі – инвестиция тартып, ел экономикасын жақсарту. Өңірде осы мақсатта биыл 517 млрд 500 млн теңге инвестиция тарту межеленсе, 7 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 57,2 пайызға орындалған. Индикатордың орындалуы бойынша облыс республикадағы алдыңғы орында. Сондай-ақ салық базасын ұлғайтып, бюджет түсімін арттыру күн тәртібінде. Облыс әкімі осы мақсатта жыл аяғына дейін жергілікті бюджетке қосымша күтілетін түсім көлемін 135 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды. Мұнан бөлек жауапты сала басшыларына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі саласындағы жаңа жобаларды мерзімінде іске қосу керектігін айтты. Тағы бір жаңалық, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласын модернизациялау үшін кешенді іс-шаралар жоспарын әзірленбек.