«Экономиканы қарқынды дамыту үшін мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында осылай деген болатын. Және де Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.

Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен бас тартқан абзал,- деді президент. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болатындығын айтты. Жаңа кодекстегі тағы бір бастама, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін керек. Өңірде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру толықтай жолға қойылған. Мәселен, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өткен алты айдың қорытындысымен 388 180 мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 99,9 пайызы электронды түрде көрсетілген.