Бүгін - Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі. Атаулы датаға орай Жәлел Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейде «Тіл - татулық тірегі» атты зияткерлік-танымдық сайыс өтті.

Білім бәсекесіне орыс сыныбында оқитын оқушылар қатысты. Талапкерлер алты топқа бөлініп, төрт кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде түрлі тақырыптағы сауалдарға жауап берсе, «Полиглот» кезеңінде мақалды толықтырып, оны орыс, ағылшын тілдеріне аударды. Ал, оқушылар үшінші турда жаңылтпаштарды жылдам әрі жаңылмай айтса, соңғы кезеңде экранда көрсетілген суреттерге қарап сөйлем құрады. Танымдық шараның басты мақсаты - қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, балалардың білімін жетілдіру. Сайыс соңында алғырлығымен көзге түскен оқушылар марапатқа ие болды.