Қайырымдылық халқымыздың ең асыл қасиеттерінің бірі. Өңірде қайырлы іс жасап, көмекке мұқтаж жандарға жанашырлық танытып жүрген ұйымдар жетерлік. Солардың бірі - «Зекет және қайырымдылық» қоры. Биыл Халықаралық қайырымдылық күніне орай қор волонтёрлары аудандарды аралап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан үлгілі оқушыларға сыйақы тағайындамақшы.

«Зекет және қайырымдылық» қоры 12 бағыт бойынша жұмыс істейді. Осыған дейін облыста 62 отбасыға баспана кілтін табыстаған. Елдегі төтенше жағдай кезінде Ақтөбе, Орал, Атырау облыстарына азық-түлік, киім-кешектен бөлек 4 млн 600 мың теңге көлемінде қаржылай көмек жіберуге атсалысты. Қайырымдылыққа қатысып, қол ұшын берген жандардың көп бөлігі қала тұрғындары мен кәсіпкерлер. Одан бөлек қор «Мектепке жол» акциясының аясында 1500-ден астам балаға материалдық көмек көрсеткен.

ОҢТАЛАП ЖИДЕБАЕВ – «ЗЕКЕТ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ» ҚОРЫНЫҢ ӨКІЛІ

Бүгінгі халықаралық қайырымдылық күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Әсіресе, осы қайырымдылыққа мұрындық болып жүрген, волонтёрлар бар,демеушілер бар, оларға да Алла разы болсын. Күні кеше өздеріңіз білесіздер «Мектепке жол» акциясы өтті. Отбасын қорғау орталығы бар, сол отбасын қорғау орталығымен бірлесе отыра мұқтаждарға сөмке таратамыз.

Ал «Ел-арай» қоғамдық қоры әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ көпбалалы отбасыдан шыққан 50 оқушының ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық сабақтарына қатысуын қамтамасыз еткен. Олардың 49-ы мемлекеттік грант иегері атаныпты.

ӘЛІМЖАН ҚОСЫМОВ – «ЕЛ-АРАЙ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Аталарымыз жақсы бір сөз айтып кетті,бір жылын ойлайтын халық бидай отырғызады, 100 жылдығын ойлайтын халық ағаш отырғызады, 1000 жылдығын ойлайтын халық ұрпақ тәрбиелейді деп. Біздің ең үлкен миссиямыз ол қайырымдылықтың барлығын сол аудандарда жасасақ, қаланың өзінде көпбалалы аз қамтылған отбасылардағы балаларды ҰБТ-ға дайындап, грантқа түсіру. Биыл жобамызда Құдай қаласа 50 бала оқытқымыз келіп отыр.