Париж төрінен ақжолтай ақпар. XVII жазғы Паралимпия ойындарында жетінші жарыс күнінің қорытындысымен қоржынға бір алтын, бір қола медаль түсті.

Паралимпия ойындарында пара пауэрлифтингтен 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев алтын медаль жеңіп алды. Жерлесіміз 188 килограмм салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Күміс медальді 185 кг көтерген Куба өкілі Рамирез Барриентос Пабло жеңіп алса, қола жүлдені 179 кг нәтижесімен Қытай спортшысы Ян Джинлан иеленді.

Қазақстан қортынын толықтырған қола медальді ядро лақтырудан Дастан Мұқашбеков еншіледі. Паралимпия ойындарында F36 санатында сынға түскен оның нәтижесі – 16 метр болды. Бұл – Азия құрлығының жаңа рекорды.

Айта кетейік, бүгін Париж төрінде қос жерлесіміз жарыс жолына шығады. Алдымен сағат 16:35-те пара пауэрлифтингтен Стансилав Шакиев 59 келіде сайысқа түссе, жеңіл атлет Еламан Жоламан 23:19-да өнер көрсетеді.