#qyzylordatv

Өңірде жылу беру маусымы аяқталды. Енді келер жылдың қамы жасалып, кварталаралық жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы мақсатта бірнеше жобаны жүзеге асыруға 12 миллиард 800 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Коммуналдық саладағы түйіткілді мәселелер мен жоспарлы жобалар облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

 Жалпы өңірде жылу беру маусымы тұрақты өтті деп топшылауға болады. Дегенмен бірқатар апатты жағдайлар орын алғаны жасырын емес. Мәселен, өткен айда Қармақшы ауданында магистралды газ құбырынан ақау шығып, бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілді. Негізінен осындай күрмеулі сәттерде абдырап қалмас үшін газға қосылған нысандарды республикалық меншікке өткізу маңызды. Осы орайда өңірде 20-дан астам әлеуметтік нысан «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамына сенімгерлік басқаруға берілмек.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ /Оның шығыны оңай емес. Ал олар өздері ұстап тұрады. Жаңағы сіз айтқандай ақаулар орын алған кезде олар дер кезінде оны қалпына келтіре алады. Өйткені оларда маман да, техника да жеткілікті/

 Қыстың қамын жазда жайғаған жөн. Жылу беру маусымы аяқталысымен кварталаралық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Өткен жылы қалада 9 шақырымға жуық құбыр жөнделсе, биыл 8 шықырымнан астам жылу желілері жаңартылады. Кетілгенді жетілдіріп, ескіні жаңалауға бас-аяғы 12 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

 МЕДЕТ УСАИН – ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ / Ендігі кезекте біздер 2025-26 жылдарға арналған жылу маусымында 12,8 млрд теңге қаржыны жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 7,4 шақырым 8,7 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға қаралып отыр.../

Аймақ басшысы жылу желілері жаңғыртылатын барлық әлеуметтік нысандар қазанға дейін, ал мектептер тамыз айының соңына дейін дайын болуы тиіс екенін ескертті. Бірақ қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса, деп бірді бүтіндеп, басқасын бүлдіруге жол жоқ.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ /Мен үнемі айтамын, қала, аудан әкімдері сіздерге тікелей байланысты. Біз жылу, кәріз, су жүйесі жүретін жерлерді қазып тастап, айлап жатамыз, олай болмайды! Барып айтсаң айтады материалы келмей жатыр деп. Бірінші барлық материалын жыйнасы и содан кейін барып қазып, жұмыс жасасын.../

 Сырдың сол жағалауында құрылыс қарқынды. Тиісінше, жыл өткен сайын коммуналдық салаға салмақ артуда. Биыл онда қуаттылығы 32 гигакалория болатын жаңа жылу қазандығы салынбақ. Облыс орталығын ыстық сумен қамту бастамасы да қарқынды. Жыл соңына дейін 236 көпқабатты тұрғын үйге жаңа желі жүргізіліп, көпшілік ыстық судың игілігін көрмек.