#qyzylordatv

 Ақ жаулықты әжелер «Достық үйінде» бас қосты. Облыс орталығында өткен «Аялы әже» форумында ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген аналар марапатталды.

 Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие діңгегі. Олардың тәлімі мол өнегесі өскелең ұрпақ үшін маңызды. Жиынның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов асыл әжелердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

 Форумда отбасы құндылықтары, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар сөз болды. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстар пысықталды. Форумға қызылордалықтармен қатар Жамбыл, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ардагерлері қатысып, Сыр аналарына игі ісіне ризашылығын білдірді.

 Салтанатты кеш әрі қарай марапаттау рәсіміне ұласты. Қатысушылар мен жүлдегерлерге облыс әкімінің және облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді. Қошеметке бөленгендердің бірі – қазалылық Ұлтай әже. Жарты ғасырға жуық ғұмырын білім саласына арнаған кейуана бүгінде немере, шөбере тәрбиелеп отыр.

 Жиын соңында облыстық Әжелер алқасының төрайымы Разия Қалжанова Сыр әжелерінің алдында тұрған міндеттерді айшықтап, эстафетаны Ұлытау облысына жолдады.

 Салтанатты басқосу өңір өнерпаздарының және әжелер ансамблінің ән шашуымен қорытындыланды.