Биылғы жыл өңірімізде Руханият жылы боп жарияланғаны белгілі. Осыған орай сәуір айының үші мен отызы аралығында «Тіл айлығы» өтеді. Аталған мерзімде 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Оның ішінде студенттер арасында дебат ойыны, «Тіл - ұлттың жаны» атты әлеуметтік желілерде бейнеролик байқауы, «Кazakh til quiz» тақырыбында интеллектуалдық сайыстар өтеді. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеп, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатындағы шаралар ұйымдастырылады. Тілдер айлығы 30-шы сәуірде «Ұлттық рухтың негізі - ана тілі» атты дөңгелек үстелмен қорытындыланады.

АРТУР ҚАМБАРОВ - ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

«Қандай мемлекет болмасын, ондағы мемлекеттік тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Бүгінде еліміздегі халықтың 70 пайызын қазақ ұлты құрап отыр. Біздің өңірімізде 96,1 пайыз. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарында. Сондықтан ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды, тілімізді дәріптеуден басталады».