Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 31 студенті еліміздің Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік аймақтарына өндірістік практикадан өтуге аттанады. Білім ордасы бұл жобаны республика бойынша колледждер арасында тұңғыш болып бастап отыр. Арнайы академиялық ұтқырлықты жеңіп алған студенттерге колледж ұжымы сәт-сапар тілеп, сертификаттар табыстады.

Астана, Жетісу, Қостанай қалаларына аттанатын студенттер бір ай фельдшер және мейіргер ісі мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Онда қызылордалық шәкірттер үшін жатақхана қарастырылып, білім көкжиегін кеңейтуге түрлі мүмкіндік жасалады. Бұл емдеу ұйымдарының арасындағы өзара келісім бойынша жүзге аспақ. Сонымен қатар, студенттермен бірге білім берушілер де аттанады. Олар да онда дәрістер оқып, тәжірибе алмасатын болады. Салтанатты шарада колледж директоры академиялық ұтқырлықты жеңіп алған студенттерге сертификат табыстап, сәттілік тіледі.

ЖАНАР ҚАЛМАҚОВА – КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ // Біздің оқытушылар Қостанай облысына барып цикл өткізеді, дәрістер беріп келеді мемлекеттік тілде. Және олардың оқытушылары бізге келіп, тәжірибе алмасуға келеді. және қазір 4 аптаға бітіруші курстар үш өңірге өндірістік практикадан өтуге бара жатыр.

Осылайша жоба бітіруші түлектер үшін әрі қарай жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалып отыр. Әрі еңбек нарығындағы бәсекелестік артып, мамандар шыңдала түседі. Айта кетейік, биыл колледжді 550-ге жуық студент тәмамдайды. Соның 31-і арнайы академиялық грант иегері атанған. Енді олар өздері таңдаған мамандықтары бойынша өзге өңірде білімін жетілдіреді.