Қазір көгалдандыру жұмыстары қарқын алған сәт. Жоспар бойынша көктем-күз айларында Қызылорда аумағына 8 мың түп ағаш отырғызылуы керек. Ал енді тал шыбықтары қурап қалмай, қаланы жасыл желекке айналдыру үшін оларды суару мәселесі қалай шешіліп жатыр? Тілшіміз Гүлай Ашекова жауап іздеп көрді.

Биыл қаладағы аяқ су мәселесін шешу мақсатында облыс әкімінің қолдауымен «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеме жасыл желекті баптап, аяқ су жүретін жолдарды аршып, қажетті шараларды жүзеге асырады.

СЕРІК ҚОЖАНИЯЗОВ - ҚАЛА ӘКІМІ

Техникасын алып беріп жатырмыз. Ақша бөлдік қазір жұмыстар жасалып жатыр. бұл мекеме арқылы қаланың барлық көгалдандыру және аяқ су мәселесін бір қолдан шешетін боламыз. Бұрынғыдай тендер арқылы, оған қатысқандар бір-бірімен соттасып, кешеуілдеп, немесе талдар егілмей болмаса егіліпі әрі қарай күтіп-баптау мәселелері туындамайды. Мына мекеме өзі егеді, өзі күтіп баптайды, өзі суарады. Сол себепті қаладағы көгалдандыру мәселесі оңтайлы шешімін табады деген ойдамыз.

Мәселен, Батырхан Шүкенов саябағына «Сарқырама» арнасы арқылы су жеткізілмек. «Тағзым» алаңындағы өскіндерді арнайы қазылған ұңғыма арқылы суару жоспарланып отыр. Ал, Шанхай мен әл-Фараби ықшам аудандарына су жеткізу үшін Қызылжарма каналының арнасы тазаланып жатыр.

ӘЖІБЕК МАМПАЕВ - «ЖАСЫЛ ҚЫЗЫЛОРДА» КММ БАСШЫСЫ

«Қала бойынша арық жүйелерінің ұзындығы 54,6 км құрайды. Соның қазір 70 пайызы толығымен тазаланып болды. Сәуірдің онына дейін түгел бәрін тазалап боламыз деген жоспарымыз бар. жалпы аяқсуды Тасбөгеттегі Қызылжармадан, Жібек жолы, қалалық каналдары қаланың күретамыры деп аталады. Осы 3 каналдан аламыз. Ал мына Қызылжарма каналы түгел арғы бетті де қамтиды Комсомолға дейінгі».

Ал қала тұрғыны Жүзбай Таңрықбаев бір жетінің ішінде 1000 дана тал шыбығын егіп шықты. Бәйтерек мөлтек ауданындағы каналдың жағасына отырғызылған тал-теректі ақсақал жаз бойы өзі күтіп баптамақшы.

ЖҮЗБАЙ ТАҢРЫҚБАЕВ - ЖОЛ-ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

«біз қазір мына көктемде уралап егеміз. Әрине, еккеніміз дұрыс. Су баратын жерге қарық қазу керек. Бармайтын жерге водовозбен болсын тасып құю керек. Себебі еккен егінің ол сусыз қалады ертеңгі күні. Сосын ол көгермейді көктемейді. Сондықтан бірінші су баратын жолын шешіп алу керек. Сосын суды үлкен көлемде емес үнемдеп, тамшылап суару ма басқа да түрелір көп қой қазір. Су ішпеген ағаш өспейді. Сондықтан мен бірінші суды ойлап, каналдың жағасына, бір жақ бетіне ектім».

Жалпы, қалаға Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 жерден насос қондырғыларымен аяқ су беру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ауыз суды үнемдеуге және сүйікті қаламыздың гүлденуі сеп болмақ.