Өңірде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда салық түсімі біршама артқан. Бірақ межелі міндетті еңсеру үшін әлі де қарқын қажет. Биыл бюджетке 135 миллиард теңгенің шамасында түсім әкелу жоспарланып отыр. Бұл жөн-жосықсыз байлам емес. Көлеңкелі секторды көргендердің есебі. Яғни, «сен тимесең, мен тиме», деп салықтан жалтаратындар әлі де азаймаған. Өзекті мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен актив отырысында талқыланып, салық базасын ұлғайту тетіктері таразыланды.

Салық саясатында салқынқандылық ауадай қажет. Өкінішке қарай, бюджетке түсім әкелмек түгіл, бөлінген қаржының өзін бүйірін шығарып жұмсай алмай отырған әкімдер бар. Әсіресе, Қызылорда қаласы мен Қазалы, Сырдария аудандарында жұмыс баяу. Жалпы жеті ауданды жіктегенде тек Шиелінің ғана көрсеткіші көңіл көншітерлік. Оңтүстік ауданда бір жарым жылдың бедерінде салық түсімі 3 млрд теңгеге артқан. Ал, басқалар иек астындағы қаржыны икемдей алмай отыр, деді облыс әкімі.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Менің түсінгенім сіздерге мүлде ақша бермеу керек екен. Өздеріңізде қанша мүмкіндік бар, жұмыс істемейсіздер, резервтерді пайдаланбайсыздар, тек облыстан ақша сұрайсыздар. Республикадан ақша алып бер деп маған келесіздер. 01:55 Наурызбай Сейітқалиұлы сіздерге де келді ғой депутаттар мына жобаға ақша керек дегендей. Оларға айту керек, міне аудандарыңда мүмкіндік бар, аудан әкімдері осы мүмкіндіктерді пайдаланып жатқан жоқ міне солардан сұрасын қаражатты, солардан талап етсін, көрейік. Ал біз тек үлкен жобаларды қолдаймыз/

Бүгінде облыс орталығындағы балабақшалардың басым бөлігінің нысаналық мақсаты дұрыс тіркелмеген. Яғни, кәсіп иелері мемлекеттен миллиондаған қаржы алып отырса да, нысанды кәсіп көзі ретінде көрсетпейді. Тиісінше осы балабақшалардың өзінен жылына жарты миллиард теңгеге жуық қаржы сұраусыз қалып отыр. Енді бұл мәселе де тереңнен талданбақ.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Мысалы содан көп инвестиция салып отқан азаматтар бар, ондай қаржы таппайды. Мемлекеттен балабақша, мектепке деген сияқты көмек жоқ. Дұрыс, көмек болу керек, балалар үшін бәрін істейміз. Бірақ кәсіпкерлер де өзінің жауапкершілігін түсіну керек. Пайда тапқан сайын қаражатты үнемдеп, салықтан қашуға ешкімнің құқығы жоқ. Бірінші кезекте ауыстыру керек өздерінің нысаналық мақсатын. Тек қазір ғана нысаналық мақсатын өзгертуді мақсат қылмау керек. Бұрынғы да төленбеген салықтарын төлетейік. Міне, қаржы көзі. Аудан, қала осыған мүдделі болып, сіздер жұмыс жасаңыздар/

Жиында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы салық түсімін ұлғайту жөнінде ақпар берді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджеттің кіріс көлемі 143 пайызға өскен. Бірақ аудандардың басым бөлігі нақты мүмкіндік бола тұра жоспарды төмен қоюға бейіл.

ӘДІЛБЕК БЕКІШЕВ – ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Бірінші тоқсан қорытындысымен облысымыз түсім қарқыны бойынша республикада жетінші орында. Қазір жұмыс жасап жатырмыз. Екі жыл қатарынан бесінші орында болғанбыз, жыл соңына дейін соған жеткіземіз. Жылдың бірінші тоқсанында жалпы жергілікті бюджетке түскен түсімнің негізгі үлесі салық түсімдері 86 пайызды құраса, салықтық емес және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер үлесі 5,5 және 8,5 пайызды құрады//

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ // Әлі де салық базасын ұлғайтуға байланысты нақты жұмыстарды көріп отырған жоқпын, нақты ұсыныстар жоқ. Келесі аптада қайтадан қараймыз, жақсылап дайындалып келесіз. Әр аудан бойынша, әр қала бойынша нақты болсын. Анадай көп цифрдың керегі жоқ. Сорада айту керек міне мына ауданның кемшіліктері мынадай, оны түзететін осындай жолы бар, салығы төмен жоспарланған, мынаншаға дейін көтеруге болады оны деген сияқты нақты ақпар керек/

Шыны керек қазір өнімділікті жасырып, өтірігін асыратын өнеркәсіп өкілдері де аз емес. Оларға заң аясында тосқауыл қоюға болады. Сондықтан әр ауданда арнайы жұмыс тобы құрылып, салықтан жалтарғандарды санамалау жұмысы басталып кетті. Мұнымен қоса облыс әкімінің тапсырмасымен кәсібін біздің өңірде жасап, ал салық төлемін көршілес аймақтарға аударатын өндіріс орындарына да зерделеу жұмыстары жүргізілмек. Сайып келгенде салық - халық қазынасы. Бюджетке бір тиын түссе де, сол ауыл-аймақтың кетілгенін жетілдіруге жұмсалатынын ұмытпаған жөн.