«Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тату тірлік пен береке-бірліктің бесігі – Сыр өңірінде бүгін «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны бастау алды». Осылай деген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үндеу жариялап, Сыр жұртшылығын республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шараға атсалысуға шақырды.

Қадірлі жерлестер!

Ардақты ағайын!

Тазалық пен тәртіп – кез-келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Біздің айналамыздағы игіліктер адамдар үшін жасалған. Тазалық – біз үшін басты құндылық.

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы.

Ұлы жол – алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық айлығы аясында облыс халқы туған жерді түлетуге атсалысады деп сенемін.

Сыр – Алаштың анасы! Барша жерлестерімді, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлерді игі бастаманы өз үйі, аулалар, көшелер мен мөлтекаудандарда жүзеге асыруға, қала мен ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамын.

Тазалық – біз бен Сізден басталады!

Туған жерімізді бірге көркейтейік!