«Жөлек жауһарлары». Осындай атаумен Шиелі ауданына қарасты Жөлек ауылында облыстық ақындар айтысы өтті. Сыр жүйріктерінің басын қосқан дүбірлі дода мәдениет майталмандары Зәкір Жақыпов, Оразкүл Алтынбекова және Ержан Бәйімбетовті еске алу мақсатында ұйымдастырылды.

Саналы ғұмырында ауылдан алысқа ұзамай-ақ, артынан Алатаудай із қалдырған азаматтар болады. Мәдениет майталмандары Зәкір Жақыпов, Оразкүл Алтынбекова және Ержан Бәйімбетовтер осы тұрпатты тұлға еді. Үшеуі де Жөлек топырағының атын асқақтатып, қапысыз ғұмыр кешті. Дүние емес, дос жинап дүйім жұрттың алғысын алған жандардың есімі ел жадында. Бұған барлығын да жиып, алтын басын иіп келген айтыс ақындарының құрметі дәлел.

Талантты өнерпаз Ержан Бәйімбетов дендеп келген дерттен жарық дүниемен ерте қош айтысты. Дегенмен өлшеулі ғұмырында аядай ауыл мәдениетін шалқар көкке көтергені әмбеге аян. Оның бір арманы - азулы айтыс ақындарын ауылға әкеліп, Зәкір Жақыпов пен Оразкүл Алтынбекова сынды мәдениет майталмандарының еңбегін дәріптеу еді. Енді міне өзі де келместің кемесімен кете барды. Төлебайұлының аяқсыз қалған арманын аяқтау кейінгілерге сын. Сондықтан өнердегі ізбасарларының бастамасымен облыстық ақындар айтысы дүркіреп өтті.

Өнер додасында Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Нұрмат Мансұр секілді кіл сөз жүйріктері сынға түсіп, нағыз шаппа-шап айтыстың берік үлгісін көрсетті. Ауылдағы аламанда ұтқыр ой, ұтымды әзілмен қатар, Жөлек жауһарларының өрелі өнерге қосқан үлесі туралы тың деректер айтылды. Мәселен, 3 дүркін алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязовқа ең алғаш домбыра тартуды талантты өнерпаз Ержан Бәйімбетов үйреткен көрінеді. Сондықтан бөлек болмысы сағымға айналған асыл азаматқа айтыс ақтаңгерінің құрметі ерек.

Бұл айтыс аламанының басты ерекшелігі, сөз зергерлерінің өнерін қазылар емес, халық бағалады. Сондықтан ауылдағы ағеден ағайынның алдында ақындар ақтарыла жырлап, үлкендердің ақ батасын алып тарқасты.