«Қызылорда-Жезқазған» күре жол құрылысының біздің аймаққа тиесілі бөлігі аяқталуға таяды. Әзірге 90 шақырым аумақ толықтай қолданысқа беріліп отыр. Ал жыл соңына дейін тағы 50 шақырымға қиыршық-мастикалық асфальтбетон төселіп, жұртшылық тақтайдай тегіс жолдың игілігін көрмек. Ауқымды жол құрылысының жай-жапсарын әріптесім Елжас Әбділда бағдарлап қайтты.
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ
Екі өңір арасын жалғайтын күре жолдың жалпы ұзындығы 450 шақырымға жуық. Соның тең жартысының құрылысы Қызылорда облысына тиесілі. Қазір мұнда негізгі жұмыстың 60 пайызы аяқталған. Шыны керек, бұл көптің көптен бергі тілеуі еді. Сондықтан, ойдым жолдың азабын татқан, қабағы қатқан қараша қауымның маңдайы жазылар күн жақын.
Расымен бұл ел елеңдей күткен жоба. Сондықтан жол құрылысы мемлекет басшысының тікелей назарында. Жалпы, Сыр өңіріне тиесілі аумақта 5 мердігер мекеме жұмыс атқаруда. Қазір 90 шақырым жол қолданысқа берілген. Ал жыл соңына дейін тақтайдай тегіс жолдың аумағын 140 шақырымға жеткізу көзделіп отыр. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ұйымдастырған баспасөз турында журналистер мен сала жетекшілері жол жайын бағдарлап, біткен істің басынан табылды.
НҰРТІЛЕК ХАСЕНОВ – ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
Жалпы, жобаның аяқталу мерзімі Қызылорда облысы бойынша 2025 жыл деп есептелінген. Сонымен қатар, осы жобада қазір мердігер компаниялар жолды абаттандыру, асфальт төсеу сияқты жұмыстарды жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 700-ден астам адам жұмылдырылған. 400-ден астам техника бар.
Осылайша «Қызылорда-Жезқазған» күре жолының Сыр өңіріне тиесілі бөлігі келер жылы толыққанды аяқталмақ. Ал, Ұлытау облысының тарапы жол құрылысын ізін ала бастап кетуді жоспарлап отыр. Ондағы 208 шақырым 8 учаскеге бөлініп, мердігер мекемелер анықталған. Жол сапасын бағдарлаған мамандар аяқталған аумақ жұмысын оң бағалады. Тегіс жолда жүйіткіген көлік жүргізушілері де ризашылығын білдірді.
Қазір мердігер мекемелер жолға қиыршық-мастикалық асфальтбетон төсеп, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал оның сапалы жүргізілуі сала мамандарының жіті бақылауында. Біршама анықталған кемшіліктер дер кезінде ретке келтіріліпті.
БОЛАТБЕК АЙТБАЕВ – «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК БАС ДИРЕКТОРЫ
Біздің кәсіпорынның атқарып отқан жұмысы шеңберінде 600-ден астам инспекциялық тексеріс ұйымдастырылған болатын. Оның ішінде 2300 сынама алынып, зерттеу жүргізілді. Қорытындысында 12 пайызы техникалық талаптарға сай келмейтіні анықталды. Бірақ мердігер тарапынан сол сәйкес келмейтін материалдарды құрылысқа қоспай шектеп алып тастады. Тегістігіне келетін болсақ, 96-98 пайыз талапқа сай келеді. Бұл өте жақсы деген көрсеткіш.
Айта кетерлігі, келісімшарт талаптары бойынша мердігер компаниялар үшін 5 жыл кепілдеме мерзімі белгіленген. Осы уақыт аралығында салынған жолдан қандай да бір ақау табылса, мекеме өз қаражатына қайтадан жөндеп беруге міндетті. Екі облысты жалғайтын ауқымды жол құрылысы 2027 жылы толыққанды аяқталады.