Елімізде креативті индустрияны дамытуға айрықша көңіл бөлінбек. Яғни, ерекше идеясы бар жастарды мемлекеттік деңгейде қолдау шаралары жүргізіледі. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаева хабарлады.
Сала жетекшісі алдымен «Анаға тағзым» орталығында болып, креативті индустрияны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған орталық аз уақытта жас кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерін қолдайтын ашық алаңға айналып отыр. Жиында солардың бірқатары ерекше өнерін ортаға салып, мәртебелі мейманның таңданысын туғызды.
Мұнан соң «Брендке бір қадам» атты республикалық форум ұйымдастырылып, әр өңірден келген жастар тың жобаларын таныстырды. Сондай-ақ, креативті идеялар конкурсының жеңімпаздары анықталды. Ой додасында үздік деп танылған 7 жобаны жүзеге асыруға инвесторлар қаржылай қолдау көрсетпек. Жалпы, жиынның түпкі мақсаты осы, тың ойлар қағазда қалып қоймай іс жүзінде жүзеге асса, арманшыл жастарға жол ашылары анық.