#биылғыжоспар #сессия #жаңалықтар #qyzylordatv

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 19 сессиясында жеті азаматқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ бүгін облыстық ономастика комиссиясының дербес құрамы қайта бекітілді.

Жыл сайын облыстың дамуына үлес қосқан әр саланың өкілдерін іріктеп 7 азаматқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру дәстүрі биыл да жалғасты. Сессияға ұсынылған үміткерлердің еңбегі екшеліп, әбден сараланған. Олардың қатарында қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов, еңбек ардагерлері Серік Дүйсенбаев, Кеңесбек Махамбетов, Имамадин Оңғарбаев және «Құрмет» орденінің иегерлері Әбдімәжит Жансақалов, Бақдәулет Махашов, Мархабат Жайымбетов бар. Депутаттар үміткерлердің кандидатурасын бір ауыздан мақұлдады.

 Мұнан соң облыстық ономастика комиссиясының дербес құрамы қайта бекітіліп, кейбір шешімдердің күші жойылды.

 Сессия отырысына қатысқан аймақ басшысы биылғы жоспардың ауқымды екенін атап өтті.

 Сессия барысында бірқатар сенатор мен мәжілісменге «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.