«Жарқ еткен – жас ғұмыр». Осындай атаумен облыс орталығында жайдарманшы Рүстем Балтабайды еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті.

 Рүстем Балтабай жасындай жарқ еткен ғұмырында өңіріміздегі жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосты. Кіші футболдан турнир дәстүрлі түрде өтіп келеді.

КҮЛНӘФИС САЙДИЕВА - Р.БАЛТАБАЙДЫҢ АПАСЫ

Бұл турнир баламыз Рүстем қайтқаннан бері ұйымдастырылып келеді. Аз өмір сүрсе де, халыққа, елге, жолдастарына сыйлы екені көрініп тұр. Рүстемнің осындай жолдастары бар да оның аты ұмытылмайды деп сенеміз. Рүстем өзі жастайынан жалындап тұратын, елгезек жан болды. Барлық ұйымдастырушыларға рақметімді айтамын.

 РУСЛАН ҚҰРМАНОВ –ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

 Турнир – биыл алтыншы рет ұйымдастырылып жатыр. Ең басты мақсатымыз досымыздың атын жоқтатпау. Бұл достық кездесу секілді, әрі еске алу мақсатында қала бойынша өнер жолында жүрген азаматтар келіп қатысуда.

Сайысқа жайдарманшылар мен қала жастарынан құралған 7 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Әр команда жеңіс үшін барын салды. Топтық ойында «Қорқыт» пен «Сыр заңгерлі» командасы сайыстың көркін қыздыра түсті.

 БЕЙБІТ СМАЙЛОВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Рүстемнің бала күннен бері араласып келе жатқан, мектепте бірге оқыған достарының бірімін. Ойынды достары, өнер жолындағы бауырларымен, туыстары ұйымдастырып жатыр. «Тұңғыш Астана» командасы болып қатысып жатырмыз. Турнир болады дегеннен бастап, бір ай бойы дайындалдық.

Топтық ойындарда оза шауып, финалдық бәсекеде «Ақмешіт» командасы «Інілер» құрамасын үште бір есебімен жеңіп І орынға ие болды. Ал үшінші орын үшін болған кездесуде «Қорқыт» командасының мерейі үстем болды.

 ҚАЙРАТ ЖАНҰЗАҚ – ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ

 «Ақмешіт» командасы жарыста жеңімпаз атандық, бұның барлығы қатысушылардың еңбегінің арқасы. Қатысушыларға, ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз. Жарыс жалғасын таба берсін. Ағамыздың аты өшпесін.

Жарыс соңында бірқатар ойыншы «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» номинацияларымен марапатталып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.