Облыс орталығындағы «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аяқталса, қаладағы көлік қатынасы біршама реттелмек.

Даңғылды реконструкциялау былтырғы жылдың қыркүйек айында басталған. Жоба бойынша Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі бөлігін кеңейту көзделген. Оған қоса, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін тазартып, жаға бекіту жұмысы да жалғасып жатыр. Дәл қазір аталған аумаққа 30-дан аса адам мен 15-ке жуық техника жұмылдырылған. Жалпы, бұл жолдың қолданысқа берілгеніне 8 жылдан аса уақыт өтті. Одан бері, Қызылорда қаласында автокөлік саны артты. Тиісінше, даңғыл бойында ұзын-сонар кептеліс туындайтын. Қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталса, бұл мәселе түбегейлі шешімін таппақ.