Қазалыдағы ең қарт сайлаушы өз таңдауын жасады
#qyzylordatv
Қазалы ауданында қос ғасырдың куәгері, 102 жастағы София Сағымбай ел өміріндегі саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасады.
София әжей аудандағы ең қарт сайлаушы. Әйтеке би кентіндегі №362 сайлау учаскесіне тіркелген ол үйден дауыс беруге өтініш білдіріпті. Комиссия мүшелері тасымал жәшігін алып, ғасыр жасаған кейуананың шаңырағына барып, еліміз үшін маңызды шараға қатысуына мүмкіндік жасады. Конституциялық құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасаған София Сағымбайдың бұл ісі көпке үлгі. 102 жастағы ана: «Ең басты байлық тыныштық пен бірлік, сондықтан елдің болашағы жарқын болсын»- деген тілегін жеткізді.