Байқоңырдағы ресейлік мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Қазақстан тарихы» пәндері енді «қосымша пән» ретінде оқытылады. Бұл бастама оқушылар мен ата-аналардың қалауымен жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды "Qyzylorda" телеарнасы.


Бүгінде Байқоңырда 5 қазақстандық және 7 ресейлік мектеп бар. Ресейлік стандарттармен оқытылатын мектептерде Қазақстан азаматтарының 2 мыңға жуық баласы білім алып жатыр. Олар енді «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Қазақстан тарихын» қосымша пән ретінде таңдап, аптасына 1 рет зейінін арттырмақ. Қазіргі таңда жұлдызды қалашықтағы Янгель атындағы нөмірі 7 мектепте 55 оқушы аталған пәндерді қосымша сабақ ретінде таңдап оқып жатыр.


ГЕОРГИЙ ГЛАЗУНОВ - БАЙҚОҢЫР ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСЫШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

«2022 жылғы Мәскеуде өткен «Байқоңыр» кешені бойынша Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының сегізінші отырысының қорытындысы бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Қазақстан тарихы» Байқоңыр қаласындағы орыс мектептерінде оқыту мәселесін бірлесіп зерделеу туралы шешім қабылданды. Сонымен, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің қазақстандық тараппен кездесулерінде бұл пәндерді тек оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша сабақтан тыс өткізу бағдарламасы енгізілді. Қазір Янгель атындағы 7 мектепте оқушылар мен ата-аналардың өтінішін қабылдай отырып 5, 6, 8, 9- сыныптарда «қазақ тілі мен әдебиеті» және «Қазасқатан тарихы» пәндерін сыныптан тыс оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда».


ЖАДЫРА АЛДАНОВА – ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНДАҒЫ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ

«Қазіргі таңда Янгель атындағы 7 мектепте осы пәндер оқытылып жатыр. 5, 6, 8, 9 сыныптарда. Алдағы уақытта қалған 5 мектепте осы пәндерде оқыту жұмыстары жоспарланып отырып, 2024 жылдың қаңтар айнынан бастап жүргізіледі. Бұл пәндер ресейлік мектептерде ата-аналардың өтініштеріне сәйкес жүргізіліп жатыр».