Жастық шақты жаңғыртқан кеш
#qyzylordatv
«Жастық шағымның куәсі – Қызылорда!». Облыс орталығында осындай атаумен ескі де, есті әндерге арналған кеш ұйымдастырылды. Қала күні мерекесі аясында өткізілген ретро-фестивальге аймаққа белгілі 5 вокалды-аспаптар ансамблі қатысты.
Қызыл арай кеште басталған фестиваль қызыққа толы болды. Шырайлы шараның шымылдығы «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Он алты қыз» әнімен ашылды. Жастар театрының әртістері тарихи туындыға романтикалық рең беріп, қызықты қойылым ұсынды. Бұл естелігі мол кештің басы ғана. Жастық шақтың санадағы сәулесін жарқырату үшін эстрада жұлдызы, әнші-композитор Өктем Алтаев арнайы келген. Өнер иесі репертуарындағы ең ерекше әндерді жанды дауыста орындап, Сыр жұртшылығына рухани әсер сыйлады.
Орталық алаңда өткен ән кешінде «Мереке», «Сыр самалы», «Достар», «Экспресс», «Сейхун» секілді вокалды аспапты-ансамбльдер өнер көрсетті. Олар өткен ғасырдағы лирикалық сарындағы әндерді шырқап, тыңдарман қауымды мерекелік көңіл-күйге бөледі.
Фестиваль барысында Сыр өнерпаздары 80-90 жылдардағы көптің жүрегінен орын алған қазақ композиторларының әндерімен қатар, шетелдік шығармаларды да орындады.
Осылайша, ашық аспан астында өткен кеш түгелдей түрлі аспаптың сүйемелдеуімен жанды дауысты өрбіді. Ал, тыңдарман қауым мақпал музыканың ырғағына елітіп, қосыла ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.