Ардагерлер өндіріс орындарын аралады
#qyzylordatv
Қызылордалық еңбек ардагерлері қаладағы ірі кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысып, жаңа өндіріс орындарын аралап көрді. Еңбек ардагерлерінің басым бөлігі ондаған жыл бойы зауыттарда жұмыс істеген, сондықтан олар жобалардың ауқымын ғана емес, технологиялық жетістіктерін оң бағалады.
Алғашқы аялдама – кірпіш зауыты. Мұнда қол еңбегінің орнына автоматтандырылған желілер жұмыс істейді. Ал кірпішті күйдіретін пештің өзі бекітілген сызба арқылы қозғалады. Ашылғанына бір жылдан астам уақыт өткен фабриканың өнімдері бүгінде облыс аумағынан бөлек, өзге елдерге де экспортталады.
Шыны зауытында тәулігіне 500 тоннаға жуық шыны табақшасы өндіріледі. Ардагерлерді өндіріс процесіндегі жаңашылдық қызықтырды. Мұнда физикалық еңбекті қажет ететін операциялардың басым бөлігін автоматтандырылған жүйелер орындайды. Жалпы зауыттың өндірістік қуаты жылына 197 000 тонна шыны табақшасын шығару.
Ардагерлер аялдаған тағы бір нысан – жаңа жылу-электр орталығы. Тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін орталық сәуір айынан бері зауыт электр қуатын үздіксіз өндіріп келеді. Оның электр қуаты – 240 мегаватт, ал жылу қуаты – сағатына 277 гигакалория.
Ардагерлер «Панабек» жиһаз зауытында да болды. Жобаның құны - 250 млн теңге. Жылына 40 000 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Зауыт 2025 жылдың шілде айында іске қосылды. Мұндай өндіріс орындарының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Өндіріс орындарын аралаған ардагерлер ірі инвестициялық жобалардың және отандық өндірістің даму барысымен жете танысты.