«Астана – Қызылорда» пойызында жолаушыларға қандай жағдай жасалған?
#qyzylordatv
Шойын жол арқылы Астанадан Қызылордаға 28 сағатта жетуге болады. Елорда мен Сыр өңірі арасындағы қатынасты қамтамасыз етіп отырған «Астана – Қызылорда» бағытындағы №65/66 «Тұлпар-Тальго» пойызы. Бұл бағыт жылдамдығы мен қауіпсіздігінен бөлек, жоғары сапалы сервисімен ерекшеленеді. Айшылық алыс жерге жылдам жеткізетін жүрдек пойызында жолаушыларға нақты қандай жағдай жасалған? Әріптесім Елдос Асан тарқатып айтады.
Елдің орталығы мен оңтүстік өңірлерді тікелей байланыстыратын пойыз күнара, яғни тақ күндері қатынайды. Басты ерекшелігі, стандартты пойыздан 7 сағатқа ерте келеді. Яғни, Астанадан шыққан отарба Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстарын басып өтіп, аймағымызға келіп аялдайды. Қашықтықты сенімді еңсеруді қалайтындар үшін бұл таптырмас таңдау. Әрбір вагонда жолаушылардың сапарын барынша жайлы етуге тырысқан.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Бұл бизнес санатындағы вагон. Мұнда жалпы саны 12 адамға орын бар. Бизнес санатындағы вагонның басты ерекшелігі жапсарлас орналасқан екі купенің арасын байланыстыратын есік бар. Жолсеріктердің айтуы бойынша, бұл есік ұзақ сапарға шыққан жанұялар үшін тиімді. Себебі, екі купеде орналасқан отбасылар бір-бірімен байланысып отыра алады. Бұдан бөлек әрбір купеде осындай үстел тәріздес орын қарастырылған. Бұның астында қол жуатын шұңғылша бар.
Пойызда мүгедектігі бар жандардың қажеттілігі толық ескерілген. Арнайы купеде жуынатын орын, дабыл батырмасы,одан да басқа ұсақ-түйекке мән берілген. Себебі жолаушының діттеген жеріне жақсы көңіл күймен жетуіне қамқорлық танытып, жағдайын жасау үлкен жауапкершілік.
АЯЖАН ЖАНҰЗАҚОВА – ЖОЛСЕРІК
Астыңғы орын мүмкіндігі шектеулі жанға арналған, үстіңгі орын ол қасындағы адамға. Купе кең болып табылады. Өйткені арбамен қозғалуға ыңғайлы болатындай. Үстінде үстел, жастық бар. Тағы да жол серікті шақыруға осында кнопка бар. Сол кезде біз естейміз да келеміз көмекке.
Ал, бұл вагон жақын аралыққа жылдам баруды жоспаларған жандар үшін арнайы жасалған. Мұнда жолаушылар межелі жеріне дейін отырып барады. Тиісінше, бағасы да қалтаға қонымды.
ИНДИРА КҮЛМАХАНОВА – ЖОЛАУШЫЛАР ПОЙЫЗЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Біздің пойыздың құрамында 24 вагон бар. Оның ішінде екі вагон бизнес санатта, бір вагон грант ПМР санатта, екі отыратын орындары бар вагон және 19 купе вагондармен жабдықталған. Отыратын санаттағы вагондар ол адамға өте тиімді болып табылады. Мәселен Қызылордадан Қазалыға билет құны шамамен 3 мың теңге көлемінде тұрады.
Жолаушылар үшін ұзақ жолда уақытты тиімді өткізу маңызды. Заманауи «Тальгода» тегін Wi-Fi интернеті бар. Сондай-ақ фильмдер, музыка және басқа да контенттер қолжетімді медиа-портал қарастырылған. Бұдан бөлек, барлық вагон ауаны баптау жүйесімен және юзбимен жабдықталған.
ДИМАШ ЕСІРКЕП – ЖОЛАУШЫ
Астанадан бері келе жатырмын, тез. Ыңғайлы, қолайлы. Адамға барлық жағдай жасалған. Бастысы ішінде интернеті бар. 28 сағатта Астанадан Қызылордаға жетіп отырмыз. Жол бойы сапалы интернетпен келдік.
Сондай-ақ, пойызда мейрамхана және жүк салғыш вагоны бар. Ең бастысы, қай мезгіл болса да, пойыз – сапарға шығудың сенімді әрі жайлы жолы.