Биыл өңірде 12 елді мекен табиғи газға қосылмақ. Осылайша тұрғындарды көгілдір отынмен қамту үлесі 78 пайызға жетеді. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 білім ұясы бой көтермек. Осы және өзге де жаңашылдықтар облыстық мәслихаттың кезектен тыс 11-ші сессиясында айтылды.
Жиында алдымен алдағы 2 жылға арналған облыс бюджетіне өзгерістер енгізу жайы пысықталды. Әр депутат өздері сайланған округтің мәселесін көтерері белгілі. Халық қалаулылары тарапынан бас-аяғы 23 сауал жолданған. Бірақ нақты қолдау тауып, қаражат қаралғаны 6 мәселе ғана. Облыстың бас қаржыгері әр сауал ұсыным бойында кем-кетікті түсіндіріп берді.
Жалпы, осы жылға арналған облыс бюджеті 650 млрд болып бекітілді. Бағдарлама әкімшілерінің пайдаланылмаған қаржысы да қомақты. Оны электр желілерін тарту мен елді мекендерді газдандыруға жұмсау ұсынылды. Биыл 12 ауыл көгілдір отынға қосылады. Сол арқылы тұрғындарды газбен қамту үлесін 78 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жиында аймақ басшысы мұнан өзге де жаңашылдықтарға тоқталды.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
//Биылғы жылы 300 шақырым жолды жөндеу арқылы жақсы жолдардың үлесін 92,5 пайызға жеткіземіз. Қызылорда қаласында Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы, заманауи үлгідегі автовокзал ғимараттары пайдалануға беріледі. Аймақ халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл 14 жоба жүзеге асырылады/
Жиында мұнан соң «Облыстың құрметті азаматы» атағын беруге 7 азаматтың кандидатурасы ұсынылды. Өңір өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлерін ұлықтау бастамасын депутаттар бір ауыздан мақұлдады. Айта кетейік, биыл аймақта «Руханият жылы» болып жарияланды. Осы арқылы көнеден күмбір тартқан Сыр өңірінің мәдени құндылығы қайта жаңғырып, бірнеше нысан пайдалануға берілмек.