Облыс әкімінің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында ауыл шаруашылығы мен спорт саласына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесі айтылды. Сондай-ақ аймақтағы сақалды құрылысқа айналған әлеуметтік нысандардың қазіргі жағдайы және олардың санын қысқарту мәселесі қаралды.

Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізген сыртқы талдау нәтижесімен ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу және саланы субсидиялауда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып отыр. Атап айтсақ, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері болмаса да субсидия алған.

АСЫЛХАН АШЫҚОВ - ОБЛЫС БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ \Атап айтсақ, 2021-2022 жылдары жерлері жоқ тауар өндірушілерге 112 өтінім бойынша жалпы сомасы 132 млн теңге субсидия берілген.\

ТАЛҒАТ ДҮЙСЕБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ \Осыған байланысты жалпы 459 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді 54 талап арызбен сотқа жолданған. Нәтижесінде мемлекет пайдасына өз еріктерімен 59 млн теңге қайтарылса, сот шешімімен 28 млн теңге қайтарылды....\

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына қажетті жер телімдерін негізсіз беру фактілері де анықталып отыр.

АСЫЛХАН АШЫҚОВ - ОБЛЫС БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ \Қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатында берілетін жер телімдері тек конкурс негізінде жүзеге асырылады. ....\

Н.НӘЛІБАЕВ: СЫРТТАН ОЙЫНШЫЛАР САТЫП АЛУДАН АРЫЛУ КЕРЕК

Облыстың спорт саласына жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде қызметкерлердің жұмысқа орналасуы, спортшылардың іссапар шығындарының мақсатты жұмсалуы және спорт клубтарының жұмысын ұйымдастыруға қатысты бірқатар кемшіліктер анықталған.

АСЫЛХАН АШЫҚОВ - ОБЛЫС БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ \Мәселен, Қайсар клубын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 2022 жылы Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуге 13 млн теңге бөлінген. Айта кету керек, бұл тек негізгі команда үшін емес жастарға да арналған болатын. Алайда аталған оқу-жаттығу жиыны Шымкент қаласында емес Түркияда тек негізгі команда үшін ұйымдастырылып, 37 млн теңге ақша жұмсалғаны анықталды. Яғни артық шығын 24 млн теңгені құрап отыр\

Жиында «Қайсар» футбол клубын қаржыландыру мәселесі де қаралды. Өткен жылы клубқа 1,2 млрд теңге қаралып, «дала қасқырлары» Премьер-лиганың турнирлік кестесінде 6-орынды иеленген болатын. Бұл алдыңғы жылдардағы бөлінген қаражатпен салыстырғанда біршама төмен. Дегенмен нәтиже көңіл көншітпейді. Облыс әкімі сондықтан «Қайсар» футбол командасының құрамына жергілікті ойыншыларды тартуға және жас футболшылар клубын дамытуға күш жұмсалуы қажет екенін айтты.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ \Сырттан ойыншылар сатып алудан арылуымыз керек. Ол үшін бізде қазір мектептер қалыптасуы керек. Дайындалуымыз керек. Оған әрине біраз қаражат керек...\

Комиссия отырысында құрылысы тоқтап тұрған және уақытылы аяқталмаған проблемалық нысандар туралы айтылды. Өңірде 2019 жылы басталып, әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген нысандар бар. Облыс әкімі осы мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын қатаң қадағалап, дер кезінде аяқтау керектігін тапсырды.