Өңірде молынан жауған жауын-шашын мен Жаңақорған ауданында тау бөктерінен түсетін қарғын судың көбеюі үнемі бақылауда болуы қажет. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Президент барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтіп, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Жағдайды қалыпқа келтіріп, шұғыл шаралар қабылдау үшін Республикалық штаб құрылды. Облыс аумағында 6 -шы наурыздан бастап мұз жүре бастады. Бүгінде Сырдария өзенінің беті мұздан толықтай тазарды. Дегенмен әлі де қарғын судан келетін қауіп болуы мүмкін. Сондықтан облыс әкімі барлық жағдайға сақадай сай болу қажеттігін еске салды. Мәселен Жаңақорған ауданындағы «Қыраш» және «Көлтоған» су қоймаларының қауіпсіздігін қатаң бақылауға алу қажет.
Сонымен бірге «Бесарық» су қоймасынан түсетін суды қабылдауда «Манап» су қоймасының су қабылдау жағдайын ескеру тапсырылды. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовке тау бөктерінен түсетін қарғын суды тиімді пайдалану үшін жасанды су қоймаларын салу жолдарын зерделеп, ұсыныс енгізу қажеттігі айтылса, Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевқа су тапшылығының жылдан-жылға күрделенуіне байланысты «Құмсай» су қоймасын тиімді пайдалану шараларын қарастыру міндеті қойылды.