Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі ірі мұнай компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесуге «Петро Қазақстан Инк» Акционерлік қоғамының президенті Ян Миньюй, «CNPC» Орталық Азия және Ресей компаниясының президенті Биан Дыжы, аталған компания өкілі Ванг Хао және жауапты сала басшылары қатысты. Аймақ басшысы мұнай-газ саласын дамытуда түсіністікке негізделген екіжақты қарым-қатынас маңызды екенін айтты.

«ПетроҚазақстан» компаниясы бүгінде Оңтүстік Торғай бассейнінің 13 кен орнын игеруде. Қазір көптеген кен орындарындағы жұмыстар өндірістің соңғы сатысына шыққандықтан, олардағы қалдық қорды алу қиынға соғуда. Жекелеген кен орындарындағы ұңғымалар 95%-ға дейін суланған. Осының салдарынан ұңғымалардың одан әрі игерілмеу және жұмыс орындарының сақталмау қаупі бар.

     Осы орайда Нұрлыбек Нәлібаев «Петро Қазақстан Инк» президентінен барлауды тек қолданыстағы келісім-шарт аумақтарында ғана емес, жаңа перспективалық учаскелерде де бастауын сұрады. Сондай- ақ газ кен орындарын дамытуға ерекше пәрмен беру керектігін айтты.

«Облыс әкімдігі түйткілдерді шешуге қолдау көрсетуге дайын. Болашақта да біздің қарым-қатынасымыз өзара тиімді түсіністікке құрылады деп үміттенеміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев. Кездесуде Ян Миньюй аймақтағы кейбір әлеуметтік маңызы бар мәселелер мен жобаларға қолдау көрсетілетінін, бірлесіп жұмыс жасалатынын атап өтті.