Өңірдегі киелі жерлердің жай-күйін бақылап, мұндай орындарды көпшіліктің жиі келетін мекеніне айналдыру үшін абаттандыру жұмыстарын жүргізу ерекше маңызға ие. Жаңақорған ауданындағы Хорасан ата мазараты аумағына демеушілердің есебінен жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Хорасан ата мазаратының аумағы 90 гектарды құрайды. Мұнда келушілерге арналған қонақ үй салынып, арнайы бақ өсірілген. Үш мыңнан астам ағаш отырғызылған бауда еліміздің әр түкпірінен, Бұқарадан, Самарқанннан әкелінген жеміс ағаштары да бар. Ат шаптырым аумақты алатын кесене аумағында соңғы жылдары абаттандыру жұмыстары ерекше қарқын алды.

Еріктілердің ұйытқы болуымен Хорасан ата мазаратында тазалық жұмыстары жүргізілді. Игілікті шараға Байкенже, Жаңарық, Қыркеңсе, Өзгент, Қожакент, Мәшбек Нәлібаев ауылдық округтерінің тұрғындары мен жастары атсалысты. Аумақты қоқыстан тазартып, қоршауды сырлады. Мұндағы мақсат – жастарды құндылықтарға құрметпен қарауға шақыру. Жалпы Хорасан ата кесенесіне 2005 жылдан бері қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Енді міне, демеушілердің көмегімен аумақ түгел абаттандырылып отыр.

Өңірдегі тарихи орындарды көруге келетін туристер аз емес. Мәселен бұл аумаққа жылына 10 мыңға тарта адам келсе, олардың қатарында шетелдіктер де бар. Киелі жерлерді күтіп ұстауды аманат деп қарайтын баба ұрпақтары жыл сайын мазарат аумағын тәртіпке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған.

Айта кету керек, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, демеушілердің көмегімен киелі орындар Қорқыт ата, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.