Қызылордалықтарды толғандырған шетін мәселе шешілетін болды. Жаңқожа батыр көшесі тұсынан теміржолды кесіп өтетін жерасты өткелін салу жұмыстары қолға алынбақ. Осы арқылы қаланың екі жағын байланыстыратын аумақта көлік кептелісін түбегейлі шешу көзделіп отыр. Ауқымды жобаның жай-жапсарын әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.

ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ

Бұл ел арасында «тесік көпір» аталып кеткен теміржол өткелі. Қазір көлік тығыны сәл саябырсып тұр. Дегенмен азанғы және кешкі уақытта ұзынсонар кептеліс. Жұмыстан үйіне асыққан жұртшылық осында сағаттап аялдауға тура келеді. Бір сөзбен, тоналған уақыт, жұқарған жүйке. Енді бұл мәселенің түйіні түбегейлі тарқатылмақ!/

Тілші: Сын сәтте санаулы секунд өмірмен тең. Шыны керек кейде мұнда жедел жәрдем, өрт сөндіру секілді кезек күттірмейтін қызмет көліктерінің өзі кезек күтіп тұрып қалады. Осы ескеріліп жуық арада Жанқожа батыр көшесі тұсынан жерасты өткелінің құрылысы басталмақ. Бірден айтайық, бұл ауқымды жоба қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан бюджет мүмкіндігіне қарай екі жылға екшеп жүзеге асыру жоспарланып отыр.

РУСЛАН ИБРАГИМ – ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Жалпы жоба құны 4,7 млрд теңге. Биылға бюджеттен 1 млрд теңге қаралуда. Жоба құрылысы басталғаннан бастап 18 ай деп жоспарлануда. Жоспар бойынша 2 жолақты. 5777-00:52 Мердігер мекеме толыққанды анықталды «СМК-Аманат» деген мекеме. Қазіргі таңда солармен құрылыс жұмыстарын бастауға техникалық қадағалау ұйымдарымен келісімшарт жасалуда.

Осқырынған отарбаның алыстан айқай салуы тегін емес. Күніне мұнда жүздеген адам арлы-берлі қауіпті жолды кесіп өтеді. Басқалай қайран жоқ. Дегенмен енді бірер жылда жұртшылық қылкөпірден өткендей қылбыраудан құтылады. Яғни, жерасты өткелі тек көліктерге ғана арналмаған. Жаяу жүргіншілерге де арнайы жол салынбақ. Мұны естіген жұртшылықтың көңілі көкте. Әсіресе, егде жастағы тұрғындардың талай жылғы тілеуі бұл.

Көпір салса тиімді болады ғой. Қаншама рет өтіп жатырмыз мына жерден. Пойыз өткенде қауіпті. 15 жылдан бері мен осы жерден күнде өтемін

Балаларға да өте қауіпті ғой мына ара. Пойыз келе жатқанда қауіпті. Тезірек өткел бітсе екен дейміз, сапалы қылып салынса дұрыс болар еді.

Әрине, көпшілік көптен күткен көпір көп бөгелмей сапалы аяқталуын қалайды. Ал мердігер мекеме өкілі тұрғындардың талабы бәз қалпында болады, дейді.

ҒАНИБЕК ОРЫНБАЕВ – МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ӨКІЛІ

Сапа жағы бұл біріншіден заманауи көпір. Екіншіден бұған толықтай қауіпсіздік жүйелері қаралған. Ешқандай қауіп, қорқыныш жоқ. Мынау қазір тұрған теміржол астынан 7 метр төмен түседі. Көпір 2 жолақты болады. Оның қасына тағы жаяу өткіншілер жолы салынады.

Сәтін салса ауқымды жоба бірер аптада басталады. Өткелдің жалпы ұзындығы - 734 метр. Аз аумақ емес. Сондықтан осы маңдағы отызға жуық үй тұрғындардың келісімі бойынша сүріледі. Ал олардың баспаналарын бағалап, төлемақысын бекіту арнайы құрылған комиссия шешімімен жүзеге аспақ.