Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, кеудесін оққа тосқан ерлердің есімі мәңгілік ел жадында. Бейбіт күнді сыйлаған батыр жандар биыл жеңістің 79-ыншы көктемін қарсы алып отыр. Қазір аймақта сұм соғысқа қатысқан 4 майдангер ғана қалды. Соның екеуі Қызылорда қаласында тұрады. Аймақ басшысы қазыналы қарттардың шаңырағына арнайы барып, мемлекет басшысының құттықтауын табыстады.

Төлеген Жүнісов соғыс басталғанда 18 жаста еді. 1942 жылы әскер қатарына алынып, көп ұзамай Украинаны жаудан азат етуге қатысқан. Үнемі алғы шепте жүріп, Отан үшін от кешті. Автоматын асынып, талай ерлік көрсетті. Берлинге дейін барған майдангер жеңіс күні жеткенде елге қайтарылмай, патрульдік қызмет атқарған. Тек 1946 жылы туған топыраққа оралып, еңбекке араласты. Облыс әкімі ғасыр жасаған майдангерге ізгі тілегін жеткізіп, құрмет көрсетті.

"Бүгінгі бейбіт күнде өмір сүріп, еліміздің өсіп-өркендеуінде үлкен үлестеріңіз бар. оны жас ұрпақ, біз балаларыңыз ұмытпаймыз, аға. Алла сізге ұзақ ғұмыр берсін! "

Ал Әбдірахман Бәйтіков Ашхабад қаласындағы командирлер дайындайтын курсқа түсіп, оны аяқтамастан ұрысқа аттанған. 1943 жылы майдан даласында ауыр жарақат алып, 20 жасында елге оралған. Сөйтіп, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында тер төккен. Қазыналы қартқа облыс әкімі мемлекет басшысының құттықтауын табыстады. Бейбіт күнді сыйлаған майдангер естеліктерімен бөлісіп, елдің амандығын тіледі.

Бүгінде аймақта соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген 3948 ардагер бар. Жеңіс күніне орай қазыналы қарттарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, көзі тірі төрт майдангерге 2,5 млн теңгеден берілді.