Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысы таныстырылды. Бірыңғай конкурстық комиссияның шешімі негізінде, облыс әкімінің өкімімен жауапты қызметті Бекболат Шәріпбеков атқаратын болады.

Бекболат Жүнісәліұлы 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «агроөнеркәсіп салаларын басқару және оның экономикасы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы «Келінтөбе» күріш совхозының жұмысшысы болып бастаған. Одан кейін әр жылдары Жаңақорған ауданы және Түркістан қаласы бойынша салық саласында жұмыс істеген. Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы-мемлекеттік аудиторы, бөлім басшысы-мемлекеттік аудиторы, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы қызметінде болған.

Ал, 2022 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді. Аймақ басшысы Бекболат Жүнісәліұлының кәсіби білігі мен мол тәжірибесін тілге тиек етіп, өзі басқаратын саласы бойынша тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ-ОБЛЫС ӘКІМІ // Өңдеу өнеркәсібі бағытында әзірленген дайын жобаларға инвесторларды тарту жұмыстарын жүргізуді, индустриялдық аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында шағын өнеркәсіптік парктерді құру, өңірге инвестиция тартуды жүргізу бойынша тиісті шараларды қабылдауды, кәсіпкерлік субектілердің санын, жұмыс күшін, өндірілген өнім көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізуді тапсырамын.