Жаңақорған ауданындағы заманауи үлгіде салынған оңалту орталығы өз жұмысын бастап кетті. Орталықта церебралды сал ауруы мен тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, жұмыс тиімділігін арттыру үшін мамандар әлемдік тәжірибелерді негізге алған. Нысан жұмысымен танысып келген тілшіміз Дәулет Сағиттың бейнематериалына зер салайық.

Аутизмге шалдыққан балғындарға тұрақты күтім ауадай қажет. Ал, заманауи үлгідегі оңалту орталықтары үлкен мегаполистерде ғана бар. Сондықтан шалғай ауылдардағы жеткіншектер тиісті қызметті уақытылы ала алмай келеді. Жаңа нысан арқылы мәселе біршама реттелгендей, дейді мамандар. Яғни, мұнда Шиелі мен Жаңақорған аудандары бойынша оңалтуды қажет ететін 1500-ден астам балаға ем-дом шаралары жүргізіледі.

МӨЛДІР ЕСҚАБЫЛОВА – АУДАНДЫҚ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ //Орталық 13-ші маусымнан бастап жұмыс жасап келеді. Жалпы реабилитацияның мақсаты – туа пайда болған ақауы бар балалар және жедел хирургиялық аурудан кейінгі жағдайды қалпына келтіруге арналған оңалту кешені. Бізде 20 тәуліктік станионар және 30 амбулаториялық емханалық қызмет көрсету барысында жабдықталған. Орталықта 20-ға жуық түрлі маман иелері жұмыс жасайды. Бұл жерде барлығы дәрігердің тағайындауымен мамандарға жіберіледі. Диагнозына байланысты қажетті емдерін алады.//

Ал, мынау музыкалық интерактивті және сенсорлық бөлме. Бұл кабинеттер баланың бойындағы қорқынышты сейілтіп, күнделікті өмірге бейімдейді.

Жалпы, оңалту орталығында жұмыс тиімділігін арттыру үшін ақ халаттылар әлемдік тәжірибелерді негізге алған. Мәселен, мекеме шет мемлекеттердегі оңалту орталықтарының үздік бағдарламаларын қамтиды және қолда бар отандық тәжірибелерді пайдаланады. Ең бастысы – тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың қоғамға тез бейімделуін қамтамасыз етуге арналған оқу әдістемелері бар. Еңбекке баулуға да баса мән берілген. Ол үшін арнайы үйірмелер құрылған.

МӨЛДІР ЕСҚАБЫЛОВА – АУДАНДЫҚ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ //Қазіргі таңда орталықта 28 бала ем алып жатыр. сондай-ақ, интерактивті және сенсорлы бөлмелер ол педагогикалық мақсатта көбінесе баланың естуі, көруі қалпына келтіреді. Орталық нерв жүйесіне әсер етеді. Баланың танымын арттырады. Дамуына жақсы әсер береді. Мұндағы балалар МӘМС жүйесі арқылы 18 жасқа дейінгі балалар оңалту емін тегін алады. Ақмарал Шәріпбайқызы бізге келген кезде орталықты көріп, оң бағасын берді. Алдағы жоспар жылына 600 балаға ем жүргізіледі деген жоспарымыз бар.//

АҚБОТА ОСПАНОВА – АУДАН ТҰРҒЫНЫ //Менің егіз ұлым бар. Осы орталық ашылғалы осында келіп ем алып жатырмыз. Бұған дейін Алматы қаласына баратынбыз. Ол жақта қаражат бар, басқа дегендей. Қазір ауданда бар. Қуаныштымыз. Ұнап жатыр. Балаларыма да жақсы қарап жатыр.//

Оңалту орталығы жылына 600-ге жуық балаға ем-дом шараларын жүргізбек. Ол үшін мамандар арнайы дәріс алып, біліктіліктерін арттырмақ.