Жыл басынан бері өңірде 1 кент және 10 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті. Саяси науқан алдағы жексенбіде де жалғасын таппақ. 7 шілдеде Шиелі ауданындағы Ақмая және Тұран ауылдық окургінің халқы таңдау жасайды.

Аталған екі ауылда 3417 сайлаушы бар. Онда 2 сайлау учаскесі құрылып, 14 комиссия мүшесі қызмет атқармақ. Ал, 14 шілде күні Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің және Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылының тұрғындары өз әкімін сайлайды. Ондағы сайлаушылар саны 30 мыңнан асады.

Бұдан бөлек, 4 тамызда Сырдария ауданындағы Аманкелді ауылында, Қармақшы ауданындағы Қуаңдарияда ауылында әкім сайлауы өтеді. Содан соң, араға апта салып, аймақтағы 6 ауылдың халқы таңдау жасайды.

АБАЙ ТАҒЫБЕРГЕН – ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ // 11 тамыз күні 6 ауылдық округте сайлау болады. Бұл 3 ауданда. Атап айтқанда, Қазалы ауданында Майдакөл және Сарыбұлақ, Шиелі ауданында Майлытоғай және Иіркөл ауылдық округі, сонымен қатар Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл және Жетікөл ауылдық округтерінде сайлау болады. Жалпы, 6 округ бойынша 6 мыңнан аса сайлаушы тіркелген.

Жалпы, бүгінде облыс бойынша 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. Соның 38-і былтыр сайланды. Айтып өтетін жайт, лауазым иелерінің дені өзін-өзі ұсынған азаматтар.