Қазалы ауданында келер жылы 5 елді мекен газдандырылмақ. Сондай-ақ осы өлкеде абаттандыру жұмыстары ерекше қарқын алды. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар демалыс орындары мен аллеялар қайта жаңғыртудан өтуде.Тілші бейнематериалында толығырақ.
Бүгінде ауданның газдандыру көрсеткіші 65 пайызды құрайды. Биыл 2,2 млрд теңге бөлініп, елді мекендерді газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Былтыр Абай ауылының орамішілік газ желісі жүргізілсе, жақын арада толықтай аяқталып, табиғи газды халықтың игіліне беру жоспарланып отыр. Қазір бес бірдей ауылды газбен қамту бағытында жұмыстар басталған.
Аудан орталығы Әйтеке би кентінде 50 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында Теміржол вокзалы аумағы мен Әйтеке би алаңын, «Руханият» скверін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл қатарда «Орталық алаң» мен «Жеңіс» саябағы да бар. Бұл аумақтар толықтай жаңғыртудан өтіп көпшілік тынығатын мәдени-демалыс орнына айналады. Ал Жанқожа Нұрмұхамедұлының кесенесі аумағына жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары қазан айында аяқталмақ.
Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі есепті кезеңнен 16 пайызға артқан. Аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған «Руханият» орталығының құрылысы жүруде.
Төрт жыл бұрын басталып, тұрғындар көптен күткен жол құрылысы да аяқталуға жақын. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын байланыстыратын 7 шақырым жол төрт жолақты.
Қазалыда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9 млрд теңгені құрап, жеке инвесторлар салған қаржы көлемі артқан. Мәселен жыл басынан бері жеке қаражат есебінен ауданды дамыту бағытында 5 млрд теңгеден астам қаражат тартылыпты.