Ақжолтай ақпар! Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Ал, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар, бір топ белгілі ғалым, мәдениет білім саласының қайраткерлері мен өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер «Парасат» орденінің иегері атанды.

 Олардың қатарында Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Оразәлі Байділда бар. Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар. Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.

 Президент Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Марапат иелерінің қатарында шығармашылық жолы бір арнаға тоғысқан отбасылық жұп, Сыр перзенттері Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанова бар. Авторлық ұжым «Көшпенді фрескалар» киізден бастырылған паннолары топтамасы мен «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы үшін үздік атанды.