«Мұстафа Шоқай және түркі әлемі: тарихтан тағылым мен идеялық сабақтастық». Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы ұйымдастырған халықаралық онлайн ғылыми конференция осылай аталды.
Конференцияның мақсаты – Мұстафа Шоқайдың түркі әлемі мен ұлт-азаттық қозғалыстарына қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан зерттеу және талқылау. Сонымен қатар жиында Мұстафа Шоқайдың идеясының түркі халықтары арасындағы байланыс пен ынтымақтастыққа тигізетін әсері сараланды. Конференцияға қатысушы ғалымдар «Мұндай байланыс түркі әлеміндегі идеялық сабақтастықты, бірлікті нығайтуға және ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дамытуға бағытталған ғылыми зерттеулерді қолдауға ықпал етеді»,- деді.
Бейнебайланыс жүйесі арқылы Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара және Күтахия Думлупынар университетінің профессоры Фуат Сефа, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Тұрсын Хазіретәлі, Польша Ғылым Академиясы Ұлттық жады институтының профессоры Павел Либера, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих институтының бас ғылыми қызметкері Қаһромон Раджабов баяндама жасап, Алаш арысының қайраткерлік қырын таныта түсті. Түркі халықтарының ынтымақтастығын нығайтып, бірегей құндылықтарды жаңғырту біздің ортақ мүддеміз деді қатысушылар.