Биыл «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасымен 40 отбасы пәтер алмақ. Бұл туралы «Аманат» партиясының аймақтық жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысында айтылды.
Биылғы жылы пәтер алушы жастардың қатарында Үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарында қызмет ететін азаматтар да бар. Бұған дейін бұл санаттағы қызметкерлер тізімде жоқ болатын. Пәтер кілтін табыстау салтанаты 1-желтоқсанға жоспарланып отыр. Айта кетейік, «Сыр жастары» бағдарламасы аясында былтыр аймағымызда 60 жас отбасы қоныс тойын тойлаған еді.
ҚОРҒАН ӨТЕГЕНОВ - ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Өнер орталығының артында орналасқан Баймаханов көшесінде орналасқан 48А обьектісінде 40 отбасы пәтерлі болады. Бұл жастарды қолдауға бағытталған. Алғашқы жарнасы 10 пайыз. Одан кейін 19 жылға бөлініп, 5 пайыз несиеге беріледі».
ӘСЕТХАН БАЙМҰРЗА, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Сыр жастары ипотекалық бағдарламасы жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша жастарға тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі. Жалпы осы кеңес құрамындағы кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, оқу орындарындағы «Жастар рухы» бөлімше жетекшілері бүгінде осы бойынша ұсыныстарын да білдіріп жатыр. Оның ішінде осы «Сыр жастары» бағдарламасына қоғамдық негізде, қоғамдық қорларда жұмыс жасайтын жастарды осы категорияларға енгізу бойынша ұсыныстар енгізді. Алдағы уақытта енді нәтижесін көреміз».