Биыл жергілікті мәслихаттардың құрылғанына - 30 жыл. Осыған орай Қармақшы ауданында салтанатты шара ұйымдастырылып, аудандық мәслихат депутаттары мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Мәслихаттар институты 1994 жылдың 7 наурызында құрылды. Содан бері өкілетті орган атқарушы билікпен бірлесе отырып, қолданыстағы заңдылықтар аясында жұмыс істеп келеді. Ең алғаш аудандық мәслихаттың құрамында санаулы ғана депутат болса, бүгінде сегізінші шақырылымдағы мәслихатқа 13 мандат бөлініп, жыл өткен сайын аталмыш құрылымның рөлі артуда. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Жандос Еркінбек депуттаттарды құттықтап, мәслихаттың басты мақсаты – халық игілігіне қызмет ету екенін атап өтті.
ЖАНДОС ЕРКІНБЕК – АУДАН ӘКІМІ
Ауданның дамуына серпін тигізетін жаңа бастамаларды сіздермен бірлесе отырып жүзеге асырамыз дегенге сенімдімін. Құрметті халық қалаулылары, тәуелсіздігімің тұғырын биік ұстап, мемлекетімізді нығайта берейік. Сіздермен бірге біздің отанымыз да бір, мемлекетіміз де бір, халқымыз да бір. Бүгінгі мереке құтты болсын! Барлығыңызға жақсылық тілеймін. Мемлекетіміз дами берсін.
Былтыр аудан бюджеті 15 млрд теңгенің шамасында болса, биыл бұл көрсеткіш 18 млрд теңгеден асып отыр. Ал, қаражатты тиімді игеріп, ілкімді іске бағыттау мәслихат депутаттарына жүктелген маңызды міндет.
ӘДІЛ ҚОШАЛАҚОВ – АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ
Аудандық мәслихаттың ең үлкен міндеттерінің бірі аудандық бюджетті бекітеді. Бекіткен кезде осыншама қаржы қаралды, ол неге қаралды дегендей. Сосын оның атқарылуын қарайды. Қайда жұмсалғанын, қандай мақсаттарға қол жеткізілгенін. Қай уақытта да депутаттар аудандық атқарушы билікпен бірлесе отырып, халықтыі әл-ауқатын көтеру бағытында бар күш-жігерін салып, қаншалықты халықтың жағдайы жақсы болады соншалықты депутаттардың беделінің жоғарылығының белгісі сол.
Салтанатты шараға қатысушылар жергілікті маслихаттың өткені мен бүгініне көз тастап, 30 жыл ішінде атқарылған тындырымды жұмыстарға тоқталды. Депутаттық мінберде көтерілген мәселелер, халық қалаулылары атқарған игі істер сараланды. Мәслихаттың экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлі, саяси және қоғамдық келісімді қалыптастырудағы ықпалы сөз болды.
МЫРЗАБЕК ҚАНАПИЕВ – І ШАҚЫРЫЛҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ
Қиын кезеңдер болды. Кім немен, қалай айналысатынын білмей қиналған кездер болды. Сол 30 жылдан бері мәслихат өсті, өркендеді. Свет, ауыз су жағдайы солардың қиындығы болды. Соларды шешу жолында жұмыс жасадық, көпір салдырдым.
СҰЛТАНМҰРАТ САДЫҚОВ – ІІІ ШАҚЫРЫЛҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Біз 3-ші шақырылымның депутаты болған кезде, сол кез жекешелендірудің нағыз қызған кезі. Аудан еңбеккерлерінің мұң-мұқтажын шешуге, халықтың атынан сайланған болған соң аянбай қызмет жасадық деп ойлаймын. Екі мыңыншы жылдары егіншілерге су жетпеді. Соған су әкелдік, тыңайтқыш әкелдік. Әрі қарай жұмыс жасап кетуіне бар күш жігерімізді салдық.
Мереке мезіретінде түйткілді проблемалардың шешімін табуына ықпал етіп жүрген халық қалаулыларының еңбегі ескерусіз қалмады. Оларға мәслихаттың 30 жылдығы мерекелік медалі табысталды.
МАРАТ НАЯТҰЛЫ - І, ІІ, ІІ, IV ШАҚЫРЫЛҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
15 жылдай аудандық мәслихатта еңбек еттім. 1994 жылдан бері әртүрлі салада жағдайымыз біраз жақсарды. Сол еңбегімді елеп медаль беріп жатыр. Бұл барша мәслихаттың жетістігі деп ойлаймын.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әннен шашу шашылды.