«AMANAT» партиясы қалалық филиалы өткен жылы жасаған жұмыстарын саралап, баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған Жол картасының орындалу барысы талқыланды.

Елімізде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға жоспарланған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленген болатын. Былтыр өңірде осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Партиялық бақылау комиссия мүшелерімен 62 рет мониторинг жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, кәмелетке толмағандар арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдау өткізіліп, тұрғындардың талап, тілегін тыңдады. «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Кедергісіз келешек», «Таза Қазақстан» және «Таза бейсенбі» партиялық жобалары бойынша да тиісті іс-шаралар өткізілді.